2017 жылғы 15-19 мамыр аралығында Қазақстан делегациясы БҰҰ Азия мен Тынық мұхитқа арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 73-ші сессиясы жұмысына қатысты.

Сессияға қатысушылар Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу мен 2030 Күн тәртібін орындау тұрғысында өңірлік экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияны нығайту, көліктік, энергетикалық, ақпараттық қатынастықпен қамтамасыздандыру және климат өзгерісі салдарымен күрес мәселелерін қарастырды.

Сессияның министрлік сегменті барысында қазақстандық делегацияның басшысы Елші Марат Есенбаев жоғары деңгейдегі пленарлық отырыста делегацияларды Қазақстанның БҰҰ Орнықты даму мақсаттарын іске асыру бойынша жүргізіп отырған жұмыстарымен таныстырды.

М. Есенбаев Президент Нұрсұлтан Назарбаев қаңтардағы Жолдауында жариялаған Қазақстанның Үшінші жаңғыруы шеңберіндегі реформалар жаһандық ұйымның кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта жасау, жаңа технологияларды тарту, экономикалық тұрақтылық, адамзат әлеуетінің дамуы сияқты басым мақсаттарына қол жеткізу бойынша практикалық элементтерден тұратынын атап өтті. Қазақстан қазіргі уақытта іске асырып отырған мемлекеттік бағдарламалар Орнықты даму мақсаттары және 2030 Күн тәртібіне сай келетіні атап өтілді.

Қазақстанның БҰҰ-дағы мүшелігінің 25-жылдығы тұрғысында елдің Ұйыммен табысты ынтымақтастығының мысалдары, сонымен қатар оның одан әрі даму болашағы атап өтілді. Осыған байланысты Алматыда БҰҰ Өңірлік хабын құру жөніндегі бастама өзектілігіне ерекше көңіл бөлінді.

«Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің маңыздылығы ерекше аталып өтілді. Көрме аясында технологиялық алшақтықты жеңу мен климат өзгерісіне ден қою бойынша кең ауқымды халықаралық іс-шаралар, оның ішінде Министрлік конференция және 8-ші Орнықты даму мақсаттарындағы энергетика бойынша халықаралық форум, сонымен қатар Ислам ынтымақтастық ұйымының Ғылым мен технологиялар жөніндегі саммитін өткізу жоспарланғанына назар аударылды.

Сессия барысында 9 қарар қабылданып, оның төртеуінде Қазақстан бірлескен автор болды. Сонымен қатар, өткен сайлау нәтижесі бойынша Қазақстан Технологиялық трансфері жөніндегі Азия-Тынық мұхиттық орталығының Басқарушы кеңесі құрамына кірді. Аталған органға сайлану Орталықтың негізгі бағыттарын анықтауға қатысуға және қазақстандық экономиканың бірқатар салаларының технологиялық дамуындағы оның зерттеу әлеуетін қолдануға мүмкіндік береді.