Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның маңыздылығы жөнінде айтып кетсеңіз

Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша БАҚ үшін мәлімдемесінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев конвенцияны Каспий теңізінің конституциясы деп атады. Бұл жағалау мемлекеттері ынтымақтастықтың барлық салаларында өз қатынастарын орнататын негіз қалаушы құжат.

Конвенция Каспий теңізінің суы, түбі, табиғи ресурстары және оның үстіндегі әуе кеңістігін қоса алғанда, оны пайдалануға қатысты жағалау мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелеріне байланысты барлық мәселелер кешенін реттейді.

Су айдынын шектеу мәселелері айқындалды. 15 теңіздік миліне енетін аумақтық сулар орнатылды. Олардың сыртқы шекаралары мемлекеттік шекаралар мәртебесін алады. 10 мильдік балық аулау аймақтары аумақтық сулармен іргелес болып, онда әр мемлекеттің балық аулауға айрықша құқығы бар. Балық аулау келісілген ұлттық квоталар негізінде жүзеге асырылатын болады. Балық аулау аймағынан тыс ортақ су аймағы сақталады. Теңіз мемлекеттік шекарасынан тыс жағалау елдерінің тулары астында жүретін кемелерге теңізде жүзу бостандығы қолданылады.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның ережелерін жүзеге асыру мақсатында президенттер сыртқы істер министрліктеріне нақты міндеттерді қоюға уағдаласты. Сыртқы істер министрліктеріне Каспий теңізі мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі топты құру тапсырылды. Бұл топтың жақын арадағы міндеті Каспий теңізіндегі тікелей бастапқы сызықтарын орнату әдістемесі туралы келісімді пысықтау және келісу болып табылады.

Мемлекет басшылары сондай-ақ Каспий теңізіндегі сенім шаралары туралы келісімді пысықтау қажеттілігі туралы келісті. Бұл келісім аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің ортақ мақсаттарына қызмет етуі тиіс.

Каспий жағалауы елдерінің президенттері жағалау мемлекеттері келіссөздер топтарының алдына Каспий теңізі биологиялық ресурстарының заңсыз кәсібіне қарсы күреске бағытталған Келісім бойынша жұмысты аяқтау туралы міндет қойды.

Саммит барысында қол қойылған маңызды құжаттар арасында Каспий жағалауының мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім, сондай-ақ Көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді атап кетуге болады.

Сонымен қатар, біз мемлекеттік шекарамызды аумақтың тегіс периметрі шегінде айқындап алғанымыз Қазақстан үшін маңызды жайт болып табылады, яғни конвенцияға қол қойылғанға дейін Қазақстанның құрлықтық шекаралары заңды түрде ресімделген болса, енді Конвенция Қазақстанға өз егемендігінің шегін теңіз де анықтауға мүмкіндік береді.

Біздің еліміз ашық теңіздерге және Дүниежүзілік мұхитқа қол жеткізе алмайтын ішкіқұрлықтық мемлекет. 1982 жылғы Ішкіқұрлықтық мемлекеттердің транзиттік саудасы туралы конвенциясы және 1965 жылғы теңіз құқығы жөніндегі БҰҰ конвенциясы сияқты халықаралық әмбебап конвенциялары ішкіқұрлықтық мемлекеттердің Дүниежүзілік мұхит және ашық теңіздерге еркін транзит жасауға құқығы анықталады.

Каспий теңізінің жағалауында орналасқан барлық елдер осы конвенциялардың қатысушылары болып табылмағандықтан, бізге Дүниежүзілік мұхитқа қол жеткізу құқығын бекіту қажет болды.

Біз барлық жағалау мемлекеттері ашық теңіздер мен Дүниежүзілік мұхитқа Каспий теңізінен және кері қарай бір-бірінің аумағы арқылы транзит еркіндігі бойынша келісімге қол жеткізе алдық. Су асты кабельдер мен магистральді құбырлар маршруты өтетін елдермен келісім бойынша осы елдер аумақтарында мұндай кабельдер мен құбырларды Каспий теңізінің түбінде салу мүмкіндігі әлемдік нарықтарға көмірсутегі жеткізу жолдарын әртараптандыру үшін ауқымды перспективалар ашады.

Каспий теңізінің жер қойнауын пайдалану үшін теңіздің түбін шектеу мәселесі көпшілікті қызықтыруда. Бұл мәселе қалай реттеледі?

Құжатқа сәйкес, әрбір мемлекет жер қойнауын пайдалану бойынша егемендік құқықтарын өзінің түптік секторы шекараларында жүзеге асырады. Мұнда егжей-тегжейлі түсініктеме беру қажет, себебі Қазақстан бұл бағытта көрші елдермен айтарлықтай жұмыс атқарды. Мен алдында атап өткендей, қазіргі таңда Каспийдің солтүстік және орталық бөлігіндегі түбі мен қойнауы шектелген. Қазақстан Ресеймен тиісті келісімді 1998 жылы және 2002 жылы оған тіркелген Хаттама жасады. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы теңіз түбінің шектеуі 2001 жылғы Келiсiмде және 2003 жылғы оған тіркелген Хаттамада белгіленген. Сонымен қатар, 2003 жылы қол қойылған Каспий теңізі түбінің шектес учаскелерін шектеу сызықтарының торабы бойынша қазақстан-әзербайжан-ресейлік келісім бар. Қазақстан мен Түрікменстанның түбін делимитациялау туралы келісімі 2014 жылғы Келісіммен бекітілді. Түптің шектес учаскелерін шектеу сызықтары торабының аумағы Әзербайжан және Түркіменстанмен үшжақты форматта анықталған соң, біз мемлекетіміз Каспий теңізінде жер қойнауын пайдалану бойынша егемендiк құқықтардың шегін заңды рәсімдеуді аяқтады деп айта аламыз.

Саммитте Каспий жағалауы мемлекеттерінің басшылары тағы қандай мәселелерді талқылады?

Қоршаған табиғи ортаны қорғау мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Бұл мәселе бойынша тараптардың ұстанымдары келіссөздердің басынан бастап жақын болды. Ол жайт экологиялық аспектілерге қатысты ережелерді көптен бұрын келістіруге мүмкіндік берді. Каспий теңізінің қоршаған ортаны сақтау мәселелеріне ортақ тәсілдемелер негізінде 2003 жылы тараптар Тегеран конвенциясы деп аталатын Каспий теңізінің табиғи қоршаған ортаны қорғау туралы шектелмелі Конвенция жасады. Ақтау конвенциясына сәйкес, Каспий теңізінде биологиялық әртүрлілікті бұзатын кез келген іс-әрекетке тыйым салынады.

Сонымен қатар, тараптар Каспий теңізіндегі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру ережелеріне келісті.